Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
г. Тараз, проспект Абая, 115

Бүгін 2 маусым – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ПЕРИЗАТ РЫСПАНБЕТОВАНЫҢ туған күні!  


Рыспанбетова Перизат Тұрарқызы, 1993 жылы 2 маусымда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2011-2015 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша оқып, бітірген.
2014 жылы университете оқып жүрген студент шағында-ақ, Жамбыл облыстық қазақ драма театрына актриса болып орналасып, содан бері осы өнер ордасында үлкен ізденіспен еңбек етіп келеді. Жас актриса өзінің жастығына қарамастан, өнер ұжымына бірден еркін кірігіп, өзін болашағынан көп үміт күттіретін талант иесі екенін танытып үлгірді.Ол жаңа қанаттанып келе жатқан жас актриса болса да, берілген рольдерге үлкен жауапкершілікпен дайындалып, драма кейіпкерлерін сомдауда жоғары шеберлік үлгілерін көрсетіп, өзі секілді жас мамандарға үлгі болуда.Ол өткен 2015 жылдың өзінде сахнаға жаңадан дайындалған бес жаңа қойылымда негізгі рольдерде ойнап, өзі сомдаған кейіпкерлер образын сәтті шығара білді.
У.Шекспирдің «Отеллосында» оның сомдауындағы Дездемонаны көрермен қауым өте жылы қабылдап, жас актрисаның мерейі өсті.
Жас актриса, сондай-ақ, Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында – Шолпан, Б.Соқпақбаевтың «Қожанасыр келе жатыр» ертегісінде – Тұтқын қыз, Ә.Файзуллаұлының «Алтын Адам» ертегісінде – Су бикеш, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға тоғанда» лирикалық драмасында Жібек образдарын өте сәтті шығарып, ерекшеленді. П.Рыспанбетова қазіргі уақытта да осы және басқа да қойылымдарда көптеген негізгі және жанама образдағы кейіпкерлер бейнесін сомдап, актерлық шеберлігін одан әрі шыңдай түсуде. Ол сахнадағы сыршыл, іңкәр сезімдерді аялауға жаны жақын, нәзік актриса. Әсіресе, балаларға арналған спектакльдерде сүйкімді мінезді образдарды өзгеше өрнектейді. П.Рыспанбетова театрдың кәсіподақ ұйымының белді мүшесі ретінде, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде ат салысады.
Алдыңғы буын өнер тарландары қатарындағы ағалары мен апаларынан театр өнерінің қыр-сырын үйреніп, тағлым алудан, ізденіп, оқудан жалықпайды. Алдағы болашақта үлкен биіктерден көрінуге қабілет-қарымы мен талпыныс, талабы зор, өте талантты актриса.
Театр басшылығы мен шығармашылық ұжым атынан ПЕРИЗАТТЫ туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, құт-береке, зор шығармашылық табыстар тілейміз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР:
Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы, шығармашылық ұжымы, әріптестерің!