Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Драмаға Шыңғыс Айтматов өмірінің кейбір, көпшілікке беймәлім кезеңдері мен тұстары, сондай-ақ, жазушының «Боранды бекет», «Ақ кеме», «Жәмилә» сияқты бірқатар шығармаларындағы басты кейіпкерлердің бейнелері арқау болған.
Қойылымда талантты актер Мәлік Ақүрпеков екі бірдей рольде ойнап, бірде - Шыңғыс Айтматовты, енді бірде - Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» Едіге образын сомдайды.
Драмадағы Шыңғыс образы осы Едіге сияқты автордың өз кейіпкерлері арқылы шымырланып, айшықтала түседі.
Едіге тұлғасын кезінде театр сахнасына алып шыққан Кеңес Одағының Халық артисі Михаил Ульянов Едігені заманының ірі азаматы, қайталанбас ардагері деп танығаны белгілі.
Айтматовтың «Боранды бекетін» талдаған белгілі әдебиеттанушылар да кезінде: «Өмірдің қазығы – Едігелер. Олар үшін өткен тарих, бүгінгі күн, болашақ – біртұтас, бірінен-бірі өрбіген, бірінсіз - бірі жоқ даму кезеңдері. Оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін де осы Едіге секілді абзал жандар. Едігенің бір күні ғасырға бергісіз. Себебі, ұлы суреткер Айтматов бұл образдар арқылы өткенді, бүгінді, болашақты бір түйінмен беріп отыр» деп тұжырымдаған.
Драматург Байғали Есеналиевтің «Таң сыры» драма-элегиясына сахналық жан бітіргенде - режиссер Қуандық Қасымов та адам санасын осы уақыт атты ұлы өлшемнен ажыратпауды және Айтматовтың өз кейіпкерлері арқылы Шыңғыс бейнесін мейлінше терең ашуды көздеген.
Драмадағы келесі бір кейіпкерлер Шыңғыстың жары – Мәрия және өмірде сүйіп өткен ғашығы, белгілі биші-балерина Бибісара Бейшеналиева.

🎥ВИДЕО ТЕАТР АРХИВІНЕН!

✍Авторы: Б.Есеналиев
🎭Режиссері: Қ.Қасымов
🖼Суретшісі: Р.Сапаралиева