Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы мен шығармашылық ұжымы белгілі сахнагер, абыз актер, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының артисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ілиясқар Мәжит Жамбылұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, ұл-қыздары мен бауырларына, туған-туыстарына, әріптестеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.


Ілиясқар Мәжит Жамбылұлы 1937 жылы 1 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген.
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлық бөлімін бітірген жас маман Мәжит Ілиясқар 1960 жылдардың басында еңбек жолын Жамбыл облыстық қазақ драма театрында бастады. Сол кездегі театр өнерінің бастауында тұрған айтулы өнер корифейлерімен қызметтес болып, театрда балаң қолтаңбасын да қалдырды. Ол, бәлкім, сондықтан болар, Жамбыл театрын жақын тартып тұратын. Жамбыл театры да Мәжитті өз бауырларындай көрді.
Театрымыздың маңызды мерекелік іс-шараларына арнайы келіп қатысып тұрды. Жаратылысынан бойына біткен ақ көңіл, дархан, бала мінезімен жақсылығымызға бірге қуанды.
Өткен 2019 жылдың желтоқсанында Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімі берілуіне байланысты өткен салтанатты мерекеге де ерекше шаттық-қуанышы мен құттықтау сәлемін арқалап келіп еді-ау!
Мәжит Ілиясқар Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында табан аудармай жарты ғасырдан аса уақыт актерлық қызмет атқарды. Өмірінің соңына дейін өнер жолы мен қасиетті сахнаға адал қызмет етті. Ол бейнелеген 100-ден аса образдарының көркемдік дәрежесі биік болып, мыңдаған көрермендерінің жүрегінен жол тапты. Өнер жолында бірнеше ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.
Мәжит Ілиясқардың актерлік шеберлігі жоғары бағаланып, кезінде бірнеше рет Халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаты атанды. Әр кездері Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Құрмет Грамотасымен, көптеген медальдармен, арнайы төсбелгілермен марапатталды. Осы еңбектері зор бағаланып, 2005 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Бақұл бол, жаны жайсаң жақсы аға! Жаның жәннатта болғай!