Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы атынан барша Қазақстан режиссерлерін 1 шілде – РЕЖИССЕРЛЕР КҮНІ мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!  
Осы мерекеге орай, биыл құрылғанына 85 жылға аяқ басқан Жамбыл облыстық қазақ драма театры тарихында өшпес іздері қалған сахна суреткерлері – режиссерлер қауымын еске түсіруді жөн санадық.


Жамбыл облыстық қазақ драма театры құрылған 1936 жылдан бері әр кездері осы өнер ордасының шығармашылық-көркемдік жұмыстарына: Мақсұт Майтанов, Рәміш Әбдірахманов, Жәнібек Арғынбаев, Әбубәуір Ордабаев, Борис Лурье, Ғайни Хайруллина, Тұрар Дүйсебаев, Мен-Дон-Ук, Тілек Ерғалиев, Рашида Шарафутдинова, Асқар Тоқпанов, Маман Байсеркенов,  Жақып Омаров, Аманжол Сәлімбаев, Ерғали Оразымбетов, Асқар Дүйсебаев, Оразхан Кенебаев, Қуандық Қасымов, Камат Касенов, Әлия Баймаханова, Мәлік Ақүрпеков  сынды режиссерлар жетекшілік етіп, көркемдік жетекші, бас режиссер қызметтерін атқарды және театр репертуарының жақсарып, түрлі жанрлар бойынша байи түсуіне көп еңбек сіңірді.
Жамбыл театрында, сондай-ақ, әр кездері шығармашылық ынтымақтастық  іссапарымен  келіп, сүбелі туындылар сахналаған   көптеген белгілі режиссерлардың айшықты қолтаңбалары қалған.  Олардың қатарында  Жамбыл театрында ерекше қолтаңбалары қалған қырғыздың белгілі режиссері Бообек Ибраевты, қазақтың беткеұстар театр дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетовті, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Есмұхан Обаевты, Нұрқанат Жақыпбаевты, талантты режиссерлар Әскер Құлдановты, Шопан Кәрібаевты, Тастан Өтебаевты, Мұрат Бекхожинді, Алтынбек Оңалбаевты, Ерсайын Төлеубайды, Мұрат Ахмановты, Нұрлан Жұманиязовты, Оразәлі Ақжарқын – Сәрсенбекті, Болат Ұзақовты, Рүстем Жаныамановты және басқа да көптеген режиссерларды атауға болады.
Белгілі театр сыншысы Қадірбек Уәлиев: «Театр өнері – синтездік өнер. Ол сан қырлы, көптеген мамандықтардың – актерлер мен суретшілердің, музыканттар мен композиторлардың, басқа да мамандар мен сахна жұмысшыларының бас қосқан, тоқайласа тоғысқан, бәрінің бірлесе отырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы нәтижесінде ортақ шешімге тоқтасқан жері. Осылардың бәрінің ақылшысы да, анасы да - режиссер», - дейді.
Ал, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық артисі, атақты Асқар Тоқпановша айтсақ: «Театр – саф та сұлу, сыршыл, сыншыл жүректердің ғана еншісіндегі өнер!». Ал, осы өнердің бастауында сөз, жоқ, режиссерлер қауымы тұр.
Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты режиссерлер қауымы!