Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Кенен Ақүрпеков  - өнер тайқазанында сом болаттай қайнап шыныққан,  құрыштай берік, мықты актер!  Оның осы «қайнаудан» сомдалып, тұлғаланып шығуының басты сыры,  сөз жоқ,  Кененнің табиғи талант-дарыны мен ерік-жігерінде, еңбекқорлығында...

К.Ақүрпеков 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын «Актер өнері» мамандығы бойынша бітірген.
Бүгінде  Кенен Ақүрпеков  театр және кино  өнерінің биіктерінен көрініп келе жатқан қабілет-қарымы үлкен дарынды актер.  
  Кенен Ақүрпеков мәдениет пен өнер саласын дамытудағы  белсенді  еңбектері мен актерлік шеберліктері үшін  әр жылдары көптеген марапаттарға ие болған.  Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, бірнеше театр фестивальдарының дипломанты. Ал, бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай Кенен Ақүрпеков Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» белгісіне ие болды!
Кенен,  бүгінде - Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының жоғары санатты  актері.
К.Ақүрпеков бірнеше фильмдерге түсіп, киноактер ретінде де танылып жүрген өнер иесі. Ол  «Тар заман» кинофильмінде Алаш көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновтың ролін ерекше шеберлікпен  сомдап, көрермендер мен кинотанушылар тарапынан лайықты бағасын алды.
К.Ақүрпеков, сондай-ақ, «Ән аға» фильмінде Шәмшінің әкесі – Қалдаяқты, «Қаламгер» фильмінде – белгілі классик жазушы Әнуар Әлімжановты, «Кейкі мерген» фильмінде  - Амангелді Имановты, «Үзілмес үміт» фильмінде  Талғат образдарын  да  аса шебер сомдап, қазақтың  кино өнерінің дамуына да зор үлес қосып келеді.
Театр сахнасында Кенен Ақүрпеков сомдаған кез келген бейне: көрерменін өзіне ширықтыра, еліктіре  тартып отыратын – жанды, шынайы, сенімді шығады.   
Айталық, ол сомдаған Б.Бекжановтың «Айша бибі» махаббат дастанындағы – Қарахан,  Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқтысындағы» - Ақан,  «Қыз-Жібегіндегі» - Бекежан, Т.Әліпбаевтың «Томирисіндегі» - Кир патша, У.Шекспирдің «Ромео мен Джулеттасындағы» - Бинволио, Б.Беделханның «Махамбетіндегі» - Махамбет, С.Назарбектің «Ақ бөбегіндегі» - Есжан бай, М.Байжиевтің «Жекпе-жегіндегі» - Азиз, Г.Хугаевтың «Қара шекпеніндегі» - Көкжал, А.Володиннің «Қос жебесіндегі» - Қалқан құлақ, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы» - Қодар, О.Жанайдаровтың «Жұтындағы» - Ахмет, Қ.Қасымовтың «Қыз Жібегіндегі» - Төлеген, А.Бекбосынның «Домалақ енесіндегі» - Әмір Темір, С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркегіндегі» Алпан және т.б. кейіпкерлер бейнесінде актер шеберлігінің ерекше қолтаңбасы мен-мұндалап тұр.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай  Жамбыл театры сахналаған Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» К.Ақүрпеков сомдаған Демесін образы көрермендер мен театр сыншылары тарапынан өте шынайы да үздік орындалған роль ретінде танылды.
Ол 2016 жылы театрдың «Ішкі фестивалінде» И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы»  Шәмші образын  кереметтей  әсерлі орындап, «Үздік ер адам образы» номинациясы сыйлығына ие болды.  
2017 жылы К.Ақүрпеков басты кейіпкер – Төлеген образын сомдаған «Қыз Жібек» саунд-драмасы Ақтөбе қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде, сондай-ақ, Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациялары бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
К.Ақүрпеков, сондай-ақ, 2019 жылы сахналанған жаңа қойылым – Мар Байжиевтің «Сен! Мен!» драмасында Сен-Ескендір және   Мен-Азиз атты  бір-біріне мүлдем қарама-қайшы екі кейіпкерді бір қойылымда, бір мезгілде  үлкен шеберлікпен ойнап шығып, асқан шеберлігін танытты.
Біз, әріптестері, Кенен Ақүрпековті бүгінгі  марапатымен құттықтай отырып, өнер жолында зор шығармашылық табыстар,  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына аман-саулық, құт-береке және тек қана игі жақсылықтар тілейміз!

22.05.20 1 22.05.20 22.05.20 22.05.20 22.05.20 22.05.20 22.05.20