Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

04.05.20Артта қалған елі мен туған жерін қорғап,  қан майданда ерлікпен қаза тапқан Ақәділ Суханбаев өз ерлігін 1944 жылғы  31 шілдеде Польша жерінде жасады.  Шешуші бір шайқаста  қасық қаны қалғанша,  бетпе-бет келген ажалдан қаймықпай,  қасық қаны қалғанша айқасып,  24 жасында мерт болған Ағаділдің  жарқ еткен жұлдыздай қысқа  ғұмыр жолы мен ерлігі туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург АРҒЫНБАЙ  БЕКБОСЫНҰЛЫ  "Ньюренбургтен бұрын", "Мен, Суханбайдың ұлы -  Ағаділ!" атты  драмалар жазып, автордың осы шығармалары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналанған болатын. Онда басты роль -  Ағаділ бейнесін театр актері Жүніс Әлімбеков сомдады. АҒАДІЛ СУХАНБАЕВ 1944 жылы  31 шілде күні Польша жеріндегі Стельцовизна деревнясы үшін болған ұрыста шешуші сәтте  оқ төгіп жатқан жау дзотына  кеудесін тосып,  сан ұлттың өкілдерінен тұратын әскери құраманың  мыңдаған жауынгерлерін төніп келе жатқан  ажалдан арашалап қалды. Шайқас жеңіспен  аяқталған соң  31-ші Армия Әскери Кеңесінің шешімімен және  майдан қолбасшысының  тапсырмасымен денесі  Польшада қалдырылмай, Литваның курортты Друскининкай  қаласындағы бауырластар зиратына   үлкен митинг өткізіліп,  әскери салт-жоралармен жерленген.


  Қазақстандық жауынгерге осындай зор құрмет көрсетілуі оның ерлігінің Ұлы Отан соғысы тарихында маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Сол жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.И.Калининнің батырдың анасы Тойтан Бекайдар келініне  хат жолдап, көңіл айтуы да мемлекеттік деңгейдегі  сирек көрсетілетін үлкен құрметтің бірі болатын.
     Арада аз уақыт өте келе,  1944 жылдың  20 қыркүйегінде  еңбекшілер депутаттары Свердлов ( қазіргі Байзақ)  аудандық атқару комитетінің шешімімен туып өскен  «Қарасу» колхозы мен оқыған мектебіне  Ақәділ Суханбаевтың есімі берілген. Ал, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық 1945 жылдың  24 наурызында шыққан еді.
      Арада қаншама жыл өтсе де, Ақәділ Суханбаевтың есімі, ерлігі туған елі Қазақстан ғана емес, Ресейде, Беларуссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді.Жеке қаруы мен құжаттары Мәскеудегі Қарулы күштер мұражайында сақтаулы тұр. Беларуссиядағы Гродно қаласындағы үлкен көшелердің бірі Ақәділ Суханбаев атында. Осындағы 74-ші кәсіптік-техникалық коллледжге ескерткіш-тақта ілінген. Литваның Друскининкай қаласындағы қабірі ерекше күтімде ұсталады, осы қаладағы мектеп мұражайында  арнайы мүйіс бар.
     Жеңістің 60 жылдығы  қарсаңында, 2005 жылдың сәуір айында Тараз қаласында Ақәділ Суханбаевтың ерлік жасап тұрған сәті бейнеленген ескерткіші орнатылды. Оның ашылу салтанатына   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы  Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі, жиырма төрт жасында қаһармандық жасаған халқымыздың батыр перзентінің ісі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үлгісі деп жоғары баға берді.
      Сол жылдан  бері  Ақәділ  Суханбаевтың  ерлік жасаған күні --31-шілдеде  
Тараз қалалық әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және «Қосы батыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен облыс орталығы
жұртшылығы  өкілдерінің  батыр  ескерткішіне  гүл  шоқтарын қою рәсімін  өткізу берік дәстүрге айналған.