Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлар енгізу туралы Мемлекет басшысының Жарлығына, сондай-ақ, осыған байланысты қабылданған облыс басшылығының өкімі мен хаттамалық тапсырмаларына орай халыққа көрсетілетін мәдени қызмет пен шығармащылық ұжымның жұмысын толықтай онлайн режимге көшірді.

Театр артистері қоюшы-режиссердің жетекшілік етуімен «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы идеяларын насихаттайтын жаңа қойылым – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы өз рольдеріне дайындық жасау жұмыстарын қашықтықтан, онлайн режимі арқылы өткізіп жатыр.
Облыстық қазақ драма театры, мұнымен қатар, коронавирус пандемиясына байланысты оқшауланып, үйде отырған өз көрермендері үшін әлеуметтік желідегі театрдың парақшасында орындау шартымен «Театр таланттарды іздейді» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын және үйде отырған оқушылар мен студент жастар арасында әлеуметтік желідегі театр парақшасына өздері ойдан шығарған, тәрбиелік маңызы зор жаңа ертегілердің мәтіндерін жазып ұсыну шартымен «Зере апаның ертегілері» атты конкурс жариялады. Бұл байқаулар жас ұрпақты халқымыздың мол әдеби мұралары мен рухани құндылықтарын бойларына сіңіріп қана қоймай, оларды насихаттау шараларына қатысуға да төселдіріп, үйретеді.
Сондай-ақ, театрдың жас артистері мен қызметкерлері волонтерлік бастама көтере отырып, бос уақыттарын пайдалы іске жұмсап, өз қаржыларына дәке, мата, жіп және тағы басқа қажетті заттар сатып алып, медициналық бетперде – масқалар тігіп, оларды аз қамтылған отбасыларына тегін тарату шараларын қолға алып, жүргізуде.
Жамбыл облыстық қазақ драма театры 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы идеяларына орай Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап, ақын шығармалары негізінде «Желсіз түнде жарық ай!» поэтикалық композициялық қойылымын, сондай-ақ, белгілі күрескер, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» реквием жанрындағы драмасын сахнаға дайындаған еді.
Алайда, бүкіл әлемді шарпыған коронавирус алапатына байланысты, аталған жаңа спектакльдердің қабылдау қойылымдары наурыз айының басында өткізіліп, премьераларын өткізу кейінге қалдырылды. Осы себепті, аталған жаңа қойылымдардың премьелары коронавирус пандемиясына қарсы карантин шаралары аяқталған соң, алдағы айларда өткізілетін болады.
Театрдың бұл іс-шаралары жөнінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің 2020 жылғы 30 наурызы күнгі санында «Көрермендер онлайн режимге де үйренді» атты тақырыппен мақала жарияланды.

01.04.20