Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші маусымы 2019 жылға жоспарланған жаңа қойылымдарының бірі – Спандияр Мұқышевтің «Апандағы адамдар» атты трагикомедиясының премьерасымен жабылды. Бұл қойылымды сахнаға дайындаған - белгілі режиссер Рүстем Жаныаманов. Қоюшы – суретшісі - Рахат Сапаралиева. Музыкамен көркемдеуші - Мөлдір Барақбаева. Балетмейстері – Лаура Дүйсен.

Аталған жаңа қойылым - оның авторы, белгілі өнер майталманы, актер, «Құрмет» орденінің иегері, біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театрында ұзық жылдар бойы актерлік қызмет атқарған марқұм Спандиярбек Мұқышевтің 65 жылдығына орай, Көркемдік кеңестің шешімімен сахналауға ұсынылды.

Жанры да айтып тұрғандай, бұл драмалық шығарма оқиғасында ақиқат өмір мысалдарынан алынған трагедия да, комедия да қатар жүріп, өрбиді.

Трагедиясы, ол – қарапайым еңбек адамдарының қаншалықты қиын-қыстау жағдайға тап болса да, табиғаттың тосын оқиғаларымен де, тағы жыртқыштармен де, солар мінездес қатыгез адамдармен де, тоңмойын жандармен де қайыспай күресіп, өз міндеттерін жанкештілікпен атқарып жатқандығы.

Ал, комедиясы – еңбекші адамдар басындағы сол ауыр трагедиялық жағдайды көріп, біле отырып, олардың басшыларының сауық-сайран салып, бақталастыққа, тақталастыққа түсіп, арзан күлкіге айналуы.

Бұл жаңа қойылымдағы Зілзала Қуықбаев атты сауық-сайраншыл ауыл басшысының ролін артист Жандар Қырықбаев бар шеберлігін сала ойнап шықты. Оның көмекшісі, өте жылтыр, жағымпаз қызметкер Киікбай образын артист Азамат Шакенбаев мейлінше сенімді де шынайы шығарды. Биліктен дәмесі бар Ақбалтыр атты (арт. Назым Ақылова) сұлу бикеш сауық-сайраншыл басшы Зілзала Қуықбаевтың көңілін аулай жүріп, «билік үшін» арпалысты. Билікке таласып жүргендердің бірі - бұрынғы ескі заманды аңсаушы «опозиционер», компартия өкілі Қоянбай Жырықбаевты ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан сомдады. Бір қауым зорлықшыл топ бұл «оппозиционер-компартияшылды» апанға тастап, құрдымға жіберді.

Ауыл үшін жанталасып еңбек етіп жүрген бірнеше адал еңбеккерлер жыртқыштарға жем болды, апанға тасталды.

Ең соңында жоғары жақтың нұсқауымен бұл ауылдың басшысы қызметінің креслосына қалтылдап әрең жүрген тоқсан жасқа таяған шал Киізқазық Шудабаев (орындаған артист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі) отырды.

Қойылымда сондай-ақ, Бәку ролін - арт. Мәмбет Қожалиев, Әбдин ролін – арт. Нұрсұлтан Маханов, Тышқанбай Қаптесеров ролін - арт. Абзал Дәулетбақов, Қасқабас ролін – арт. ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, Айым ролін – арт. Индира Мұстафаева, Кейқуат ролін – арт. Әбу Шонбаев, Қатира ролін – арт. Сымбат Нұрсейітова, хатшылар рольдерін – артистер: Азамат Исаев, Медеу Ердалиев, Ақнұр Елемесова, Әсем Қондыбаевалар, космонавтар рольдерін: артистер Мейірбек Есімбекұлы, Ризат Қылышбаевалар сомдап шықты.