Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Сен, Мен!» атты кезекті жаңа қойылымының тұсаукесер қойылымын көрсету – театрдың төл мерекесі Халықаралық театр күніне дәл келді.

Осы күні қойылымның алдында Халықаралық театр күніне орай, өнер ұжымын құттықтауға келген облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Республикалық Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жамбыл облыстық филиалының және облыстық Ардагерлер кеңесінің басшылары сахна өнерінде үздік танылып жүрген бірқатар артистер мен қызметкерлерді Алғыс хаттармен, Грамоталармен марапаттады. Марапаттау соңында Наурыз көже таратылып, құдайы тамақ берілді.

Соңынан театрдың «Сен, Мен!» атты жаңа қойылымының премьерасы тамашаланды.

«Сен, Мен!» драмасын қырғыз драматургі Мар Байжиевтің «Дуэль» атты пьесасының желісі бойынша сахнаға дайындаған – режиссер Камат Касенов. Сценографиясын дайындаған - қоюшы-суретші Рахат Сапаралиева.

Драма оқиғасы Нази есімді қыздың махаббат үшін, бақытты өмір үшін алға ұмтылып, бірде дұрыс жол тауып, бірде адасып, бірде сол тығырықтан қайта шығып, жанталасқан күресін жеткізеді.

Нази қыз өзін адастырып жүрген Сен (Ескендір) атты жігіттің алдамшы өтіріктеріне сенер-сенбесін білмей, басы қатып, «Бақыт деген не?» деген көкейіндегі сауалға жауап таба алмай жүрген...

Сен (Ескендір) Нази қызды теңіз жағасына демалуға алып келеді. Нази қыздың шын бақытты іздеу жолындағы күресі осы теңіз жағасында да жалғасады... Ол теңіз жағасында Мен (Азиз) атты жігітпен жолығады... «Бақыт деген не?» деген сауалын Нази жаңа танысқан жігітіне де қояды. Мен (Азиз) оған: «Бақыт деген – ол, арман. Адам сол арманына жеткенде, бақытты болады» деп жауап береді... Жігіттің бұл жауабы қыздың көкейіне қонады... Қыз шын бақыттың, артынан шын махаббаттың да не екенін ұғады... Нази қыз теңіз жағалауында жолыққан осы бейтаныс жігітті (Мен-Азизді) шын сүйіп қалғанын сезінеді... Жігіт те қызды сүйіп қалады...

Қызды алдамшы сезіммен жетелеп жүрген Сен (Ескендір) болса, өзінің өтірігі әшкереленіп, далада қалғанын ұғады... Қыз одан теріс айналады... өйткені, ол шын бақытын, шын махаббатын Меннен табады... Мен оны дұрыс жолға жетелейді...

Драманың идеясы «Бақыт деген – ол, арман. Адам сол арманына жеткенде, бақытты болады», - деген ақиқат шындықты ұқтырады.