Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Спандиярбек (Спандияр) Мұқышев 04.02.1954 ж. Жамбыл облысы  Талас ауданының  Амангелді ауылында  дүниеге келген, белгілі актер, сықақшы-қаламгер.  11.09.2009 ж. Тараз қаласында өмірден өтті.

Халықаралық және республикалық театр фестивальдарының бірнеше дүркін   жүлдегері, «Құрмет»   орденінің иегері.

С.Мұқышев  Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 1976 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін  табан аудармай 33 жыл еңбек етті.

1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша сырттай оқып бітірген ол, ел арасында қаламгерлік талантымен де танымал болатын. Оның қаламынан туындаған сатиралық әңгімелері мен өлеңдері, публицистикалық шығармалары баспасөзде тұрақты жарияланып тұратын. Спандияр драматургия саласына да қалам тартып, бірнеше пьесалар жазып қалдырды.

Соның бірі – марқұмның  65 жылдығына орай Жамбыл облыстық қазақ драма театры сахналап, тұсаукесер қойылымын өткізген «АПАНДАҒЫ  АДАМДАР»  трагикомедиясы. Бұл шығарманың негізгі идеясы социалистік қоғамның күйреу тұсындаөзара сыбайлас топ құрып, бақталастыққа түскен ауыл басшыларының іс-әрекеттерін  әшкерелеу болып табылады.

Спандияр Мұқышев - актер ретінде сахна өнеріне  тек қана өзіне тән сымбат-сипатымен, керемет талантымен келген  ерекше құбылыс  еді.

Ол әр жылдары «Еңлік - Кебекте» - Кебек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» - Қодар, «Қобыландыда» - Қазан батыр, «Айша бибіде» - Арыстан, «Гамлетте» - Горацио,  «Отеллода» - Кассио, Шерхан Мұртазаның «Сталинге хатында» - Сталин, Бақтияр Әбілдаевтің «Төле биінде» - Абылай хан, Елен Әлімжанның «Жанталасында» - Қасым, Арғынбай Бекбосынның «Ньюрнбергтен бұрынында» - Қосы батыр, Бақтияр Әбілдаевтың «Төле биінде» - Қойгелді батыр, Иран Оразбаевтың «Мен ішпеген у бармасында?» - Абай және т.б. ондаған  рольдерді  өзіне тән қайталанбас шеберлікпен сомдадап, есте қалды.

1988 жылы театрда режиссер Алтынбек Оңалбаев Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» драмасын екі бөлімді тарихи диалог етіп сахналады. Қойылымда Сталинді сомдаған актер Спандияр Мұқышевтің табиғи таланты мен ойыны көрерменді еріксіз таңдандырды.

Осы спектакльді егжей-тегжейлі талдаған театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы: «Бұл қойылымдағы ең қиыны – Сталиннің ішкі дүниесін ашып беру еді. Спандияр бұл образды терең ашты, Сталинге тән сабырлылықты да, қатыгездікті де, оның сөз саптауындағы мәнер ерекшелігін де көременге әдемі жеткізді. Спандияр тағы бір қайталанбас тұлға, қайталанбас сахналық образ жасады», - жазды.

1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін театрда  көптеген жазушы-драматургтердің бұрынғы хан-сұлтандар, батырлар мен билер туралы жазған шығармалары  сахналана  бастады. Солардың көбінде Спандияр басты рольдерде ойнады.

Солардың бірі – драматург-жазушы, зертеуші-тарихшы Бақытяр Әбілдаевтің «Сыпатай батыр» тарихи драмасын режиссер Әскер Құлданов 1992 жылы қойыды. Спектакльдегі  Сыпатай батыр образын – Спандияр Мұқышев бар нақышына келтіре орындап шықты.

1996 жылы режиссер Оразхан Кенебаев сахналаған А.Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты 2 бөлімді реквиемін Жезқазған қаласында өткен республикалық театр фестивалінде қазылар алқасы өте жоғары бағалап, Абай ролін сомдаған Спандияр Мұқышев фестивальдің күміс жүлдесінің иегері атанды.

Ол, сондай-ақ, 1997 жылы режиссерОразхан Кенебаев сахналаған М.Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды» драма-дастанында Қазан батырды да өте сәтті сомдап шықты.

Спандияр Мұқышев 2009 жылы 11 қыркүйек күні 55 жасында өмірден озды.