Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Сатқанбаев Қарабай 1949 ж. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы «Бесжылдық» ауылында дүниеге келген,  актер. 2009 жылы 24 қазанда Тараз қаласында қайтыс болған.

Қ.Сатқанбаев - «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағының иегері, бірнеше дүркін республикалық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты.

Ол, 1972 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітіріп келіп, сол уақыттан бері Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып, жемісті қызмет атқарды.

Ол - театр сахнасында  50-ден аса басты және негізгі рөлдерде ойнап, өнер тарихында өшпес қолтаңбасын қалдырған  талантты актер.

Қарабайдың театр сахнасына шығарған ең алғашқы басты ролі 1972-ші жылы белгілі режиссер, Қазақстанның халық артисі Маман Байсеркенов сахналаған М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» - Берсімбай бейнесі. Қарабай осы рольді аса шебер орындап шығуымен-ақ болашағынан  зор үміт күттірген болатын.

Актердің тағы бір ерекше шебер шығарған ролі – 1974 жылы Маман Байсеркенов сахналаған М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясындағы – Григорий Мелехов образы. Кезінде театр сыншысы Қадірбек Уәлиев Жамбыл театры сахналаған осы «Тынық Дон» кейіпкерлеріне жасаған талдауында: «Спектакльдің орталық кейіпкері Григорий Мелеховтің қоғамнан байыз таппай өзін-өзі іздеп, анық танып-біле алмай, шарқ ұруын жас актер Қарабай Сатқанбаев аса шебер кескіндеп берді», - деп жазды.

1980 жылы режиссер Тұрар Дүйсебаев Жамбыл театрының сахнасына ұлы драматург В.Шекспирдің «Отеллосын» тұңғыш рет дайындап қойды. Спектакль өте сәтті шығып, оны көрермен қауым зор ризашылық сезіммен аса жылы қабылдады. «Отеллоның» Жамбыл театрында алғаш қойылған премьерасында Алматыдан арнайы шақыру бойынша Қазақстанның халық артисі, атақты актер  Ыдырыс Ноғайбаев келіп, Отелло ролін екі кеш бойы ойнады. Осы жолы Отелло ролін екінші кезекте талантты актер Қарабай Сатқанбаев ойнап шықты.

1981 жылы театр ұжымы Алматы қаласында өткен республикалық «Жігер» фестиваліне осы «Отелло» спектаклімен қатысып, фестиваль лауреаты атанды, ал, Қарабай Сатқанбаев  Отелло ролі үшін арнайы дипломмен марапатталды.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» Еспенбет, Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазысында» Құрманғазы, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Мәмбет, тағы басқа образдарды сомдады.

1981 жылы белгілі режиссер Ерғали Оразымбетов театр сахнасына М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» өзінше жаңаша шешім тауып, жаңғыртып қойған болатын. Осы қойылымда Қарабай Сатқанбаев – Еспенбет би ролін ешкімге ұқсатпай ерекше сомдап шықты.

Режиссер  Ерғали Оразымбетов, сондай-ақ, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай, Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесі бойынша жазылған В.Шацковтың осы аттас пьесасын сахналады. Осы қойылымда Қарабай – атақты Баукең-Бауыржан Момышұлының қан майдандағы мықты серіктерінің бірі – саяси бөлім нұсқаушысы Толсунов ролін асқан шеберлікпен сомдады. 

Драматург-жазушы Бақытяр Әбілдаевтің «Сыпатай батыр» тарихи драмасы театр сахнасында режиссер Әскер Құлдановтың сахналауымен 1992 жылы қойылып, бұл спектакльде Қарабай – қырғыз биі Бәйтіктің образын жасады.  

1994 жылы театрға арнайы шақыру бойынша белгілі режиссер Қадыр Жетпісбаев келіп, Б.Әбілдаевтың «Төле би» тарихи драмасын сахналады. Бұл қойылымда Қ.Сатқанбаев – жоңғар басқыншыларының ханы Қонтайшыны ролін сәтті шығарды.

1994 жылы қоюшы-режиссер Мағзұм Бақытжанов драматург-жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың «Сәлім-Сәлима» атты психологиялық драмасын сахналады, осы қойылымдағы бас кейіпкер Сәлімді – Қарабай барынша сенімді шығарды.

Қ.Сатқанбаев, сондай-ақ, режиссер Оразхан Кенебаев сахналаған А.Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты 2 бөлімді реквиемінде басты кейіпкерлердің бірі – Оразбай бейнесін сомдап, осы ролі үшін Жезқазған қаласында өткен республикалық театр фестивалінде арнайы дипломға ие болды.

Сахна өнеріне сіңірген зор еңбектері үшін актер Қарабай Сатқанбаев 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағына ие болды.

Актер Қ.Сатқанбаев  2009 жылы 24 қазан күні  Тараз қаласында 60 жасында өмірден өтті.