Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Табанов Мұқаметқали Жексенбекұлы, 15.05.1907 ж. Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген – актер, режиссер. «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» құрметті атағының және көптеген медальдардың иегері. 5.08.1986 ж. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өмірден өтті.

М.Табанов 1928-1930 жылдары Әулиеата қаласындағы зооветеринарлық техникумда оқып жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болады. Одан соң, Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ академиялық драма театры жанындағы актерлік курсті бітіріп, 1934-1937 жылдар аралығында сол театрда қалып, актерлік қызмет атқарады.

1937 жылы Әулиеата қаласында жаңадан құрылған қазіргі Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қызметке жіберіліп, осы өнер ұжымында ұзақ жылдар бойы қоюшы-режиссер, актер қызметтерін атқарып, зейнеттік демалысқа шыққан.

Әулиеата театрына өзімен бірге жаңа тыныс, тың екпін ала келген ол, сол 1937 жылы бірден Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», «Малқамбай», «Көзілдірік», Атығай Шаниннің «Болат», Ғабиден Мұстафиннің «Совет қызы» атты шығармаларын дайындап, сахнаға шығарды.

Жарты ғасырға жуық Жамбыл облыстық қазақ драма театрының өркендеуіне лайықты үлес қосқан, ол 1944 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1945 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды, 1961 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағына ие болды.

Ол, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кеңгірбайды, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Жантықты, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Қоңқайды, М.Шолоховтың «Тынық Донында» - Михеевті, С.Мұхановтың «Ботакөзінде» - Қожантайды, Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» қызметкерді, тағы басқа да жалпы саны 100-ден аса драмаларда басты және негізгі кейіпкерлер бейнесін өзгеге ұқсамайтын мәнермен ойнады.

Табанов комедиялық жанрлардағы образдарды сомдаудың асқан шебері болатын. Оның сахнадағы күлкісі мен іс-әрекетінің табиғилығы, көрермендермен «тіл» табыса білуі актерлік табысы болатын. Ол, қай уақытта да өзіне берілген рөлдердің сыр-сымбатын аса терең түсіне білетін сезімталдығымен ерекшеленді.

М.Табанов, сондай-ақ, 1969 жылы түсірілген «Қараш-Қараш» фильмінде негізгі кейіпкерлердің бірі – Қайранбай ролін сомдады.

М.Табанов 1986 жылдың 5 тамызында 79 жасында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өмірден өтті.