Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Сәкиев Шәріпбай Қашқынбайұлы 20.12.1913 ж. қазіргі Жамбыл облысы Байзақ ауданының Бурыл ауылында дүниеге келген – белгілі актер, режиссер. 22.04.1989 ж. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өмірден өткен.

«Қазақстанның халық артисі» құрметті атағының, «Құрмет белгісі» орденінің және көптеген медальдардың иегері. Ташкенттің А.Н.Островский атындағы театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген.

Шәріпбай Сәкиев 1936 жылы құрылған Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белсенді ұйымдастырушыларының бірі және ең алғашқы сахнагер, актері болды.

Ол өзінің 50 жылдан аса шығармалық жолында жүзден астам кейіпкерлер образын сомдап, қайталанбас сахналық бейнелер жасаған актер. Олардың қатарында ең алғаш жаңа құрылған Әулиеата театрындағы алғашқы ролі К.Қырқымбаевтың «Келіншек» комедиясындағы Ақаннан бастап, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Түнгі сарын», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қаракөз», «Айман-Шолпан» атты драмалық туындыларындағы - Кебек, Есен, Еспембет, Жантас, Тәнеке, Қобыланды, Жабай, Арыстан бейнелері, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сүлу», «Ақан сері-Ақтоқты», «Аманкелді» шығармаларындағы - Қодар, Қозы, Ақан, Аманкелді образдары, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесіндегі» - Алдар көсе» М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбетіндегі» - Жәңгір хан, Т.Ахтановтың «Боранындағы» - Қасболат, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайындағы» - Абай, Х.Хамзаның «Бай мен кедейіндегі» - Қадырқүл, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырындағы» - Ақылбек, А.Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермес», «Жазықсыз жапа шеккендер» драмаларындағы - Ипполит пен Дудукин, Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» - Фердинанд, Мольердің «Скапеннің айласындағы» - Скапен, К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» драмасындағы - Туффальдино және т.б. рольдері Шәріпбай Сәкиевтің саф алтындай таза өнер үшін тума талант екендігін сан мәрте мойындатты.

Шәріпбай керемет әнші де, биші де болатын. Оның әншілікке және биге деген дарыны мен қабілеттілігі оның актерлік өнерімен қабысып, келісті образдар жасауына көп көмегін тигізіп отырды.

1945 жылы Ш.Сәкиев өзінің талантты актер ғана емес, сонымен қатар, білікті режиссер екендігін де танытып, Жамбыл театры сахнасына «Қыз-Жібекті» өзі дайындап қойды, әрі басты кейіпкер Бекежанды өзі ойнады. Өзінің аса шебер актерлігі нәтижесінде, ол осы қойылымда Бекежанды ұрда-жық мінезді батыр да, айлакер де етіп көрсетумен қатар, жаны таза, сезімі пәк, айдай сұлу Қыз Жібекке Бекежанының бойындағы лапылдаған жігіттік сезімін де еліктіре жеткізеді.

1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрсетілген «Еңлік -Кебек» спектакліндегі Еспембет ролін атақы Серке Қожамқұловпен бірге ойнауға Ш.Сәкиевтің шақырылуы да оның актерлік шеберлігін, тіпті сол кездегі Одақ көлемінде мойындау болып табылады. Жәңгір хан, Махамбет, Қобыланды, Арыстан, Алдар көсе, Бекежан, Ер Таргын, Тәнеке, Абай, Тоқаш Бокин, Аманкелді Иманов… т.б. қазақ драматургиясының ірі туындыларындағы бас кейіпкерлерді ойнау - актер өнерінің биік деңгейін анықтайтын шығармалық өлшем.

Ш.Сәкиев 22.04.1989 жылдың 22 сәуірі күні Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында 76 жасында дүние салды.