Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Тараз қ, Абай проспект, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының шымылдығы 1936 жылы наурыздың 16 жұлдызында Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» және театрдың тұңғыш директоры Қ.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір бөлімді комедиясымен ашылды. Театрдың алғашқы ұйымдастыру құрамы тоғыз адамнан құралды. Олардың ішінде Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев,Сатылған Атамқұлов, Омарбай Тұрымқұлов, Тұраш Әбуов, Рәміш Әбдірахманов, Тәжімет Әлмұхамедов, Молдаш Сәкиев, Жомарт Абызбаев және Қ.Қырқымбаев, А.Майтанов, Сара Абызбаева, Нұргүл Майтанова, Гүлсара Тұрұмқұлова, 1937 жылдан бастап Мұхаметқали Табановтар болды.

Театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссер болып А.Майтанов, Рәміш Әбдірахманов (1936-1938ж), Жәнібек Арғынбаев (1938-1940ж)Әубәкір Ордабаев (1940-1941ж) Борис Аронович Лурье (1941-1945), Ғайни Хайруллина (1946-1952ж) Тұрар Дүйсебаев (1952-1955ж), Тілек Ерғалиев (1956-1961), Мен Дон Ук (1961-1963ж), Рашида Шарафутдинова (1964-1968ж),Оңалбаев Алтынбек (1966 – 1969), Асқар Тоқпанов (1969-1972ж), Жақып Омаров (1972-1973ж), Маман Байсеркенов (1973-1976ж), Аманжол Сәлімбаев (1976-1982ж), Ерғали Оразымбетов (1982-1987ж), Асқар Дүйсебаев (1987-1994ж), Оразхан Кенебаевтар (1995-1998ж) Тастан Өтебаев, Мұрат Бекқожин, Әскер Құлдановтар еңбек етті. Қуандық Қасымов - (1998 жылдан бері театрдың бас режиссері, көркемдік жетекші) Театр сахнасында 1936 жылдан бері әр түрлі жанрда 400-ден аса спектакльдер сахналанды. Театр тарихында талантты сахна шеберлері Қали Қасымбеков, Фатима Нұрымова, Күләш Сәкиева, Жамал Шәймерденова, Шаймұрат Халықов, Маутай Жұмағұлов, Тұрар Ізбасаров тағы басқалардың еңбегі де ұмытылмақ емес. Ал, қазір Тараз қаласында тұратын ардагер актрисалар Күнжарқын Садыбекова мен Тұрсынтай Жакеновалардың да өз қолтаңбалары бар.

1957 жылы республикада тұңғыш рет «Театр көктемі» атты республикалық байқауға К.Гольдонидың «Екі мырзаға бір қызметші»(қоюшы-режиссеріӘ.Мәмбетов) спектаклімен қатынасып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.

1958 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде жамбылдық актер Шәріпбай Сәкиев қазақ мемлекеттік академиялық драма театры құрамында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек » спектакліндегі Еспембет рөлін сомдап, облыс театрының мәртебесін биікке көтерді.

1963 жылы Шәріпбай Сәкиев Ш.Қиямовтың «Жүрекке жүрек тіл қатар» спектакліндегі Құлназар ролі үшін, 1964 жылы Алтын Ружева А.Островскйдің «Жазықсыздан жапа» спектакліндегі Кручинаның ролі үшін республикалық театр фестивалінің лауреаттары атанды.

1964 жылы Мұхаметқали Табанов, 1965 жылы Гүлжамал Батырғалиевалар Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атақтарына ие болды.

1966 жылы облыстық қазақ драма театрының 30жылдығына байланысты Ш.Сәкиев Қазақ ССР-нің халық артисі, А.Ружева, Мақсұт Салықов Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, грим шебері С.Г.Поплавский Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Театр директоры Ә.Төлебаев «Еңбектегі ерлігі үшін » медалімен, театр ұжымы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды .

1968 жылы Ш.Айтматовтың «Бірінші мұғалім» спектакліндегі Дүйсен ролі үшін актер Әлібек Әмзеев республикалық театр фестивалінің лауреаты атанды.

1970 жылы Н.Погодиннің «Кремль куранттары» спектаклі үшін театр ұжымы драма театрларының республикалық байқауының II дәрежелі дипломымен, С.Рақышев лауреаттық, Забелин ролі үшін М.Салықов II дәрежелі, дипломымен марапатталды. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай » спектаклі өмірге келді.

1972 жылы С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» спектакліндегі Ажар ролі үшін Рахима Тезекбаева Қазақстан театрлары жастар шығармашылығы I республикалық байқауының II дәрежелі дипломымен марапатталды.

1975 жылы Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына арналған Бүкілодақтық театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» спектаклімен қатынасып, дипломант атанды және сол жылы СССР мәдениет министрлігінің дипломына ие болды. Театр ұжымы С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» спектаклімен жас орындаушылардың республикалық байқауының II дәрежелі дипломын еншіледі.

1976 жылы М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясын Қазақстанда тұңғыш рет сахналап, республика театр өнеріне жаңалық әкелді. Бұлардан басқа Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», «Бетпе-бет» спектаклдері дүниеге келді.

1975-1976 жылдары М.Шолоховтың «Тынық Донында» Григорий, В.Шекспирдің «Отеллосында» Отелло ролдерін тамаша сомдаған Қарабай Сатқанбаев 1994 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атанды.Театр сыншысы Яхия Шынасылұлы Шәріпбай Сәкиевтің өмірінен «Мәртебе» атты кітап жазды.

1976 жылы театрдың 40 жылдығына байланысты А.Ружева Қазақ ССР-нің халық артисі, Жорабек Шүленбаев пен Оразғали Әбділманов Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі,Т.Дүйсебаев Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. М.Рақымжанова «Құрмет белгісі» орденінің иегері болды. Ә.Әмзеев пен Г.Өскенбаева Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1980 жылы Ә.Қалдыбаевтың «Шаншар атай» атты спектаклі үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған Бүкілодақтық байқауда I дәрежелі дипломға ие болды.Ал 1981 жылы 21 мамырда республиканың театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін театр ұжымына Қазақ ССР-і Жоғары Советінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Театр сахнасында А.Чеховтың «Иванов», Б.Әбілдаевтың «Айша бибі», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» спектаклдері қойылып, көрермендер ықыласына бөленді. В.Шацковтың «Волоколам тас жолы» спектакліндегі Бауыржан Момышұлы ролі үшін Жұмахан Әбдіқадыров республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты болды. Ал, Г.Боровиктің «Буэнос-Айрестегі интервью» спектаклі үшін театр ұжымы республикалық аймақтық жастар фестивалінің жеңімпазы атанды.В.Шекспирдің «Дуалы түнгі думан » спектаклі театр өнеріне жас көрермендерді қызықтыра білді. Театр суретшісі А.Воложанкиннің «Буэнос-Айрестегі интервью» спектакліне жасаған эскиздері Москвадағы халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесіне алынды. Театр ұжымы II республикалық жастар шығырмашылығы байқауының III дәрежелі дипломымен марапатталды.

1986 жылы театрдың 50 жылдығына байланысты Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Мәкен Рахымжановалар Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі құрметті атақтарына ие болып, театр ұжымы Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1996 жылы театрдың 60 жылдығына байланысты Мәкен Рахымжанова Қазақстанның халық артисі, суретші Владимир Александрович Воложанкин Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды.

Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Абай бейнесін сомдаған Спандияр Мұқышев фестивалдің күміс белгісі жүлдесін иеленді.

Театр ұжымы 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклі үшін бас жүлде-Гран приді жеңіп алды.

1998 жылы VI республикалық театр фестивалінде М.Байжиевтің «Құдалар» трагикомедиясын сахналап, «Үміт» жүлдесіне ие болды. Сахна шебері Майра Әлімбетова осы жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі құрметті атағына қол жеткізді.

Театр ұжымы ғұлама М.Х. Дулатидің 500 жылдығы құрметіне Б.Әбілдаұлының «Мырза Мұхамед Хайдар», Б.Момышұлының 90 жылдығына байланысты Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» спектаклдерін сахналады. (реж Қ.Қасымов).

1999 жылы театр ұжымы Бішкекте өткен «Ш.Айтматов және театр» атты халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні» осы заманғы драммасын көрсетіп , «Режиссуралық шешімі ең үздік қойылым» деп танылып, қоюшы режиссер Қ.Қасымов және театр актерлері Спандияр Мұқышев, Гүлшат Қыпшақова, Әнәпия Ахмет фестиваль лауреаттары атанды.

2000 жылы актриса Г.Қыпшақова ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, сахна шебері С.Мұқышев «Құрмет» орденінің иегері атанды.

2001 жылы бас режиссер Қ.Қасымов ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды.

2002 жылы 17-19 қазанда Шымкентте өткен драматург Д.Исабековтің шығармашылығына арналған халықаралық театр фестиваліне «Пері мен періште» мелодрамасын тарту етіп, басты бейне-Құлахмет ролі үшін сахна шебері Үмбетәлі Әлжанов лауреат атанды, театр ұжымы «Сәтті актерлік ансамбль» номинациясы бойынша дипломға ие болды.

2002 жылдың наурыз айынан бері облыстық мәслихат депутаты Демешев Құрманғазы Мыңжасарұлы театр директоры болып еңбек етіп келеді.

Театр сыншысы Яхия Шынасылұлы Тараз қаласының 2000 жылдығы құрметіне облыс театры тарихы жайлы «Өмір және өнер» атты кітап тарту етті, ал Ү.Әлжанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

2003 жылы 14-21 мамырда Алматы қаласында өткен республикалық балалар мен жастарға арналған театр фестивалінде Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегі -фантазиясы үшін Маржан Ахметова, Жер-ана ролі үшін Гүлшат Қыпшақова фестиваль лауреаттары атанса, театр ұжымы фестивальдің 1- орынын иеленді. Ал, осы жылдың 15-22 маусым аралығында Бішкекте өткен Орта Азия республикалары мен Ресей театрлары қатынасқан I халықаралық АРТ-Ордо фестиваліне Елен Әлімжанның «Жанұран» спектаклімен қатынасып, «Заман талабына үндес қойылым» номинациясы бойынша арнайы дипломмен марапатталды.

2003 жылдың 20 қыркүйек-2 қазан аралығында Махамбет ақынның 200 жылдығына арналып Орал қаласында өткізілген республикалық театр фестиваліне Әлібек Әмзеұлының «Кейуана» спектаклімен қатынасып, басты кейіпкер Қали ролін сомдаған Анар Сағымбекова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша лауреат атанды.

2004 жылы Қазақ- швейцар саммиті ұйымдастыру комитеті мен Женевадағы жоғары бизнес және Басқару институтының Сараптама кеңесінің шешімі бойынша іскерлік беделі үшін Жамбыл облыстық қазақ драма театры Алтын медалмен марапатталды. Бұл театрдың белсенді жұмысына берілген жоғары баға болып табылады.

2005 жылы Қызылордада өткен ХІІІ,

2009 жылы Қарағандыда өткен ХVІІ республикалық театр орынды жүлделерді иеленіп келеді.

2006 жылы театрдың 70 жылдығы мерекесі атап өтіліп, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

2009 ж Театр осы жылдың 10-20 қазан күндері облыс театры тарихында тұңғыш рет алыс шет елде өнер көрсету құрметіне ие болды. Египет Араб республикасы астанасы Каир қаласында өткізілген дүниежүзілік эксперименттік театр фестиваліне жаңа әдіспен сахналанған «Қыз Жібек» спектаклімен қатынасып, әлемнің отыз сегіз елінен жиналған алпыстан аса театр ұжымдарымен қатарласып өнер көрсетті.

2010 жылғы 74-маусым да Жеңістің 65 жылдығымен, Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған Республикалық 18-Театр фестивалін абыроймен жоғарғы дәрежеде өткізді. 2000 жылы Халық жазушысы Ш.Мұртазаға Б.Момышұлының 90 жылдығына арнайы тапсырыспен пьеса жазған. Жанры драма-элегия. Спектакльді режиссер Қ.Қасымов қойып өзі Бауыржан ролін сомдаса, араға он жыл салып 2010 жылы «Ноқтаға басы сыймаған» қойылымы мен Е.Әлімжанның «Б.Момышұлы» сахналанып-батырды ойнаған артист М.Ақүрпеков арнайы жүлдемен марапатталды. Сондай-ақ Ш.Айтматовтың «Ана-жер Ана» символикалық драмасы, Б.Бекжанның «Үйлену увертюрасы», балаларға арналған В.Лебедевтің «Көңілді әбжыландар, А.Лингрен «Карлсон мен балақай», С.Маршак «Айдалада ақ отау», Е.Елеубаев «Асар», М.Ахманов «Алдаркөсе наурызда» ертегілері сахналанған болатын.

2011 жылы да оннан аса жаңа қойылым тұсауын кесті. Жас режисер Анар Сағымбекова балаларға арналған К.Сәттібайұлының «Бағдаршам», О.Әубәкіровтың «Қожа мен спорт», режиссер, ҚР еңбек сіңірген артисі С.Қарабалин Т.Теменов пен С.Сматаевтың «Көгілдір такси», Иран-Ғайыптың «Аждаһаның әлегі» ертегісін, Режиссер И.Әбілмажинов Р.Томаның «Әйел сегіз-ол жалғыз» детектив драмасын, режиссер Қ.Қасымов М.Шахановтың «Танакөз», «Ғашықтық ғаламаты» поэтикалық драмалары, Иран-Ғайыптың «Жыр әлемі» ҚР еңбек сіңірген артисі М.Әлімбетова сахналаса, жергілікті ақын Ү.Битенова жырларынан ҚР халық артисі М.Рахымжанова «Ауады да тұрады аңсарым менің» жыр кешін қойды. Театрымызда жиырма жыл әдебиет бөлімін басқарған Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын айша Көпжасарованың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Тал бесігім» атты жыр кеші өтсе, 27 наурыз Халықаралық театр күніне орай Шымкент қаласында «Театр көктемі-2011» республикалық аймақтық театр фестивалінде Ш.Айтматовтың «Ана –жер ана» атты трагедиялық драмасы арнайы жүлдеге ие болды. (режиссер Қ.Қасымов). Алматы қаласында екінші жыл өтіп жатқан ҚТҚО ұйымдастыруымен берілетін «Еңлікгүл» театр өнерінің кәсіби сыйлығын «Жыл режиссері» бойынша режиссер Қ.Қасымов алса, «Жыл актрисасын» Г.Қыпшақова иеленді. Өз шеберлігін шыңдау мақсатында театрымыздың жас артистері А.Сағымбекова менМ.Қожалиев Қырғызстан Республикасында жаңа жобамен жасалған «Аралаш» экспериментальдық фьюжн фестиваліне қатысып, ортаазия халықатарының өнерлерін тамашалап қайтты. Театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева Қарағанды қаласында өткен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай театр суретшілерінің «Қазіргі Қазақстан сценографиясындағы жаңашылдық пен дәстүр жалғастығы» атты І Республикалық көрмесіне қатысты. Тараз театрында бірінші рет жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруыменен «ART-Mix» атты өнер семинарын өткізді. Қырғыз Республикасы Бішкек, Тоқмоқ қаласында «Дүние. Сахна. Театр» атты Халық суретшісі Марат Шарафидиновтың 60 жылдығына арналған Халықаралық татр фестиваліне «Қіз Жібек» драма дастанымен қатысты. «Ана жер-ана» қойылымын фестивальден тыс көрсетті. Осы фестивальде грим жасаушы Қаныгүл Сыдықназарова, артист Әлімбеков Жүніс «АРДАҚ» грамотасын алса, режиссер Қуандық Қасымов «Рысқұлов атындағы Халықаралық театр фестивалі» лауреаты атанды. Режиссер Қ.Қасымов көп жылдан бері М.Шарафидиновпен шығармашылық байланыста болғандығының нәтижесі тараздықтар үшін үлкен жемісті уақыт болды. Сонау ең алғаш У.Шекспирдің «Ричард ІІІ»-тен басталса, бүгінде 2009 жылы «Қыз Жібек» драмалық дастанының да сахналық сценографиялық үлгісін жаңаша үлгіде нұсқалаған.

2011 жылы театр 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Театр ардагерлері Нұрсифат Салықова мен Төлентай Жүршиев «Мәдениет қайраткері» төс белгісін алса, ҚР Халық артисі М.Рахымжанова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ш.Жәменкеева, Ж.Әйтпенбетовтер 1976 жылы режиссер М.Байсеркенов сахналаған М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясында үздік ойнағандары үшін М.Шолоховтың 100 жылдығына арналған төс белгімен марапатталды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына байланысты ҚР Халық артисі М.Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген артисі М.Әлімбетова, ҚР Мәдениет қайраткері Н.Омарбекова, артист М.Райсхановалар «Мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін» облыс әкімінің арнайы жүлдесімен қаржылай марапатталды. М.Раисханова 21 желтоқсанда ҚР Президентінің 2011 ж 10 желтоқсандағы жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» орай арнайы медальмен марапатталды. Желтоқсан айында артист Ж.Әлімбековтің елу жасқа толуына байланысты туған жері Луговой ауданына «Жүніс күндері» шарасымен С.Сматаев пен Т.Теменовтың «Көгілдір такси» қойылымын сахналап халық алғысына бөленіп қайтты. «Тәуелсіздіктің 20 шыңы-20 жұлдызды күн» аясында «Мәдениет күніне орай» қаламыздағы № 47 орта мектепте «Өнердің құдіретін танытқан тұлғалар» атты кешке ҚР Халық артисі М.Рахымжанова, ҚР Мәдениет қайраткері Ж.Әбдіқадыров, жылдың ең үздік актрисасы «Еңлікгүл» номинациясының иегері Г.Қыпшақовалар шақырылып өз лебіздерін білдіріп, «Ана - жер ана» қойылымынан үзінділер оқыды. Сәуір айында Қызылорда қаласына гастрольдік іс-сапармен репертуардағы жылдың ең үздік деген 4 қойылымын көрсетті.

ҚР халық артисі М.Рақымжанованың 60 жылдық мерейтойына орай Қырғыз режиссері Камат Қасенов С.Ахмадттың «Келіндер көтерілісі» комедиясын қойды. Басты рольде М.Рахымжанова – Фармон бибі ролінде ойнады. Актриса туған жері Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданына Б.Ұзақовтың «Бір түп алма ағашы» мелодрамасын көрсетті. Жерлестеріне аудан әкімі Б.Ысқақ «Еңбекші қазақ ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Сондай-ақ, ҚР халық артисі А.Әшімовтың 75 жасқа толу мерейтойы мен ҚР халық жазушысы Ш.Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтілді. Автордың ҚР Халық артисі Е.Төлеубай сахналаған «Домалақ ана» драмасы тарту етілді.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры облыс бойынша фестивальдің жаңаша үлгісін ойлап тауып қыркүйек айында Республикадағы театр өнерін дамыту жолындағы талантты жас режиссерлерге қолдау көрсету мақсатында Республикалық жас режиссерлердің «Тараз - Дебют» эксперименттік театр байқауын өткізді. Байқауға қатысушы режиссерлер Тараз театрының артистерімен өздері әкелген пьесаларын сахналады. 9 режиссер тоғыз түрлі қойылыммен өз шеберліктерін танытты.

Қарашада сахна шебері Ерсін Қалыбаеваның өмірде 60 жыл, өнерде 40

жыл толғанына арнайы мерейтойы аталып өтілді. Мерейтой иесіне арнап режиссер Қуандық Қасымов Дулат Исабековтың «Актриса» монодрамасын сахналады. Актриса жайлы Сәнтөре Пірмановтың «Сахнаның сыршыл шебері» атты мақаласы жарық көрді.

Артист Мәмбет Қожалиев Астана қаласында өткен «Елорда күнін мерекелеу тәжірибесі» атты семинар-практикумға барып білімін тереңдетіп арнайы сертификат алып қайтты.

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «режиссер» бөлімінің 5 курс студенттері Айгүл Қаптағаева, Сәкен Ахманов 2013 жылдың қаңтар айында Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» және Ақселеу Сейдімбек пен режиссер Болат Ұзақов жүйелеген «Қош бол ардағым!» драмасын сахналап режиссураға алғашқы қадамдарын жасады.

Ұлыстың ұлы күні 21 наурызда Сәнтөре Пірмановтың «Наурыз – Көктем Жүрегі» атты ертегісін режиссер Анар Сағымбекова сахналап жас көрермендерге тарту етті.

Соңғы жылдары әртүрлі іс-шараларға байланысты Мектеп оқушыларының Республикалық олимпиадасына орай театр ұжымы Облыстық тарихи-өлкетану музейнде олимпиада қатысушыларына және қонақтарға арналған «Ғажайып музей» акциясына көріністермен шығып көпшілікті таңқалдырып келеді. көрермендермен «Алғашқы махаббат» комедиясының авторы ақын, драматург Қанат Жүнісовпен театр кездесу жасады.

 

Театр ұжымы ақын, Жазушылар одағының мүшесі Маралтай Ыбыраевпен кездесу өткізіп, ақынның өлеңдерінен режиссер Камат Касеновтың сахналауымен жарты сағаттық көрініс көрсетілді. Театр ұжымы М.Ыбыраевпен бірге Б.Момышұлы есткерткішінің басына гүл шоқтарын қойды.

Театр репертуары заман ілегінен қалмай көрермендерге жаңа жанрдағы қойылымды шығарды. Ол режиссер Камат Касеновтың «Рахмет, Сізге» атты мультимедиялық қойылым. Театр ұжымы Шет елдік, отандық театр қайраткерлерімен шығармашылық қарым-қатынас түзу мақсатында Польша елінің Варшава қаласында Тараз мәдениет күндеріне орай драматург Б.Әбілдаевтың «Айша бибі» драмасын режиссер Әлия Баймаханова сахналық жүйесін жаңа бағытта жасап шет ел көрермендеріне көрсетіп жоғарғы баға алып, Тараз шаһары үшін үлкен жол ашты.

Жазушы Сәнтөре Пірмановтың өлеңдерінен түзілген «Аялдама» атты поэтикалық жанрда жаңа қойылымның премьерасы өтті. ҚР мәдениет қайраткері, Еңбек ардагері, «асыл аналар» хорының әншісі артист Нұрсифат Салықованың өнерде жүргеніне 55 жылдығына арналған өмірде 75 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші өтті. «Қазақстан-тараз» телеарнасы дайындаған «Руханият» арнасынан Н.Салықова туралы арнайы бейнебаян берілді. ҚР халық жазушысы Әкім Таразидің 80 жылдығына арналған мерейтойдың өзінің туған жері Тараз қаласында өтуіне театр ұжымы өз үлесін қосты. Театрымыздың белді артистері «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне арналған мерекеде Құрақ Оразбаев пен костюм бөлімінің меңгерушісі Сахиева Сәнім «Мәденеит саласының үздігі» төс белгісін иеленді. Жылдың ең үздің сценарисі лауазымын тетрымыздың труппа меңгерушісі Сәнтөре Прманов иеленсе, ең үздік қызметкер лауазымын аға сахна жұмысшысы Жарылқап Сүлеймбеков иеленді.

Республикалық деңгейде өткізілген Төле бидің 350 жылдық мерейтойына арналған Елен Әлімжанның «Төле би» тарихи драмасын сахналанып Төле би бейнесін - Мәмбет Қожалиев сомдады. М.Қожалиев сондай-ақ «Қазақстан-Тараз» телеарнасы түсірген «Төле би» деректі фильмінде де Төле би бейнесін сомдады.

Республика бойынша бірінші рет Тараз қаласында «Тұңғышбай Әл-Тарази, Таразға шақырады» атты І-ші Республикалық актерлерге арналған театр фестивалі өткізілді. Фесьтивальге облыс өңірлерінен он театр қатысып әр түрлі 9 номинация бойынша актерлер қауымы марпатталды. Жамбыл облыстық қазақ драма театры қатысып, Камат Касеновтың «Рахмет, Сізге!» мультимедиялық қойылымында ойнаған үш артист Мұрат Құсайынов- актер шеберлігі, Гауһар Сұлтанбекова- «Ең үздік әйел бейнесі», Сухраб Мадумаров – Дебют номинациялары бойынша жүлделенді. Бұл фестиваль 2014 жылы Халықаралық деңгейге көтеріліп «Тұңғышбай Әл-Тарази, Таразға шақырады» атты І-ші Халықаралық актерлерге арналған театр фестивалі болып өз жалғасын тапты.

16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай артист Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков «Еңбек Ері» медалінің иегері атанса, «Мәдениет саласының үздігі» артист Құрақ Оразбаевтың 60 жасқа толған шығармашылық кеші өтіп, осы айда Драматург Ә.Жұмабаевтың «Гүлмира» мелодрамасын Камат Касеновтың сахналауымен тұсауын кесті.

2014 жылы Қазақстанның халық артисі Сабира Майқанованың 100 ж орай Қызылорда қаласында өткен Республикалық ХХІІ театр фестивалінде театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов «Үздік режиссер» номинациясын алса, актер Мұрат Құсайынов халықаралық мәдениет майталманы белгісінің иегері атанды.

Екі мың жылдық шежіресі бар тарихи Тараз жеріндегі облыстық қазақ драма театры бұл күндері өзінің 79-шы маусымында еңбек етуде. Осы жылдардың ішінде театр 3 Қазақстанның Халық артисін, 15 Қазақстанның еңбек сіңірген артисін, 6 Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерін, 10 ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткерін, бірнеше халықаралық, республикалық театр фестивальдерінің лауреаттары мен дипломанттарын, күміс жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарды.

Облыстық қазақ драма театры дүниежүзілік классикалық дүниелерді де, ұлттық классикаларды да, бүгінгі заман талабынан туындаған мәселелерді қамтитын драматургиялық туындыларды да жан-жақты қамтып келеді. Олардың ішінде В.Шекспирдің, Н.Гогольдің, Н.Островскийдің, Н.Горькидің, А.Чеховтың, М.Әуезовтің. Ғ.Мүсіреповтың, Ш.Айтматовтың, Ш.Құсайыновтың . С.Мұқановтың т.б. жүздеген тартымды туындылары сахналанды. Театр артистері ішінде бірнеше документті және көркемсуретті фильмдерге түскендері де бар..

Театрдың тартымды қойылым әдістері мен республкадағы театр зерттеушілерінің назарын да аударды. Театртанушы Қадірбек Уәлиевтің облыстық театр өмірі туралы, театр сыншысы Яхия Шынәсілұлының Қазақстанның халық артисі Шәріпбай Сәкиев талантына арналған, «Мәртебе», ақын, жазушы Сәнтөре Пірмановтың «Театр өнер жүрегі» атты кітаптары жарық көрді. Мүсінші С.Копылов артистер М. Табанов пен Ш.Сәкиевтің бюстін жасап, театр мұражайына қойды. Ал, даңқты театр қайраткерлері М.Табанов, Т.Ерғалиев, М.Салықов, М.Жұмағұлов, Ш.Сәкиевтердің тұрған үйлері қабырғаларына ескерткіш тақта орнатылды.

Театр шежіресінде М. Байжиевтің «Құдалар», Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Ф.Бөлековтың (қазақшалаған Т.Әлібекұлы) «Кемпірлер байға тигенде» мұңлы комедиясы, Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Бизнес шал» трагифарсы, Д.Исабековтың «Пері мен періште» мелодрамасы, Е.Әлімжанның «Бір қазаққа бір қатын?..» Ә.Әмзеұлының «Қара кемпір» трагедиясы, Е.Әлімжанның «Жанұран» мюзиклі, Г.Гориннің «...атың өшсін, Герострат!» трагикомедиясы, М.Хасеновтың «О,махаббат!» және Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясы, Б.Ұзақовтың «Үміт» психологиялық драмасы мен Г.Ғапарова мен М.Ғапаровтың «Қиямет – қайым Киото» театрлық қиялдамалары да көрермендерін бей- жай қалдырмай бүгінгі таңдағы шешімін күткен әлеуметтік мәселелерге жетеледі. Қазіргі таңда театр репертуарында И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М.Шахановтың «Танакөз», Ш.Мұртаза «Домалақ ана», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана», «Ақ кеме», К.Касеновтың «Рахмет, Сізге!», И.Содиковтың «Әпендінің бес қатыны», У,Шекспир «Отелло» трагедиясы т.б. қойылымдары бар.

Театр директоры – Болат Бекжанов, жазушы-драматург.